ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕР ҰЙЫМЫНЫҢ (ТМҰ) ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯНЫҢ РӨЛІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/ISMO.2024.58.4.012Кілт сөздер:
Түркі мемлекеттер ұйымы, Қазақстан, Түркия, түркі интеграциясы, мәдени мұра, экономикалық ынтымақтастық, аймақтық қауіпсіздік, саяси әріптестікАннотация
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, әлемде халқының басым көпшілігі түркі этносынан тұратын тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан сияқты елдердің тәуелсіздікке қол жеткізуі түркі әлемінің геосаяси және мәдени ықпалдастығының жаңа дәуірін бастады. Бұған дейін халықаралық деңгейде мойындалған жалғыз түркітілдес мемлекет Түркия болған еді [1]. Осы тарихи кезеңде Түркия Республикасының бұл елдермен мәдени, экономикалық және саяси байланыстарды нығайтуға деген ұмтылысы ерекше маңызды рөл атқарды. 2009 жылы Нахчыванда өткен саммит Түркі мемлекеттер ұйымының (ТМҰ) құрылуының басты қадамы болды. Ұйым 2009 жылға дейін де бар болған, бірақ басқа форматта. Түркітілдес мемлекеттердің саммиттері 1990 жылдардың басынан бері өткізіліп келеді. Бұл ұйым түркі елдерінің ортақ тарихи, мәдени және экономикалық мұрасына негізделген ынтымақтастықты тереңдету үшін құрылды. Қазақстан, өзінің көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында, ТМҰ-ның негізін қалаушы елдердің бірі ретінде танылып, Еуразия аймағында тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға үлкен үлес қосты. Ал Түркия өзінің халықаралық саяси тәжірибесі мен экономикалық күшін пайдаланып, ТМҰ-ның халықаралық беделін арттыруда және оны нығайтуда маңызды рөл атқарды. 1992 жылы Анкарада түркітілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті. Бұл жиын түркі әлемін біріктіруге және Түркі кеңесінің инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Түркия мен Қазақстан арасындағы тығыз байланыс осы процестің табысты жүзеге асуына негіз болды. 2009 жылы Түркі кеңесінің институционалдық негізін қалаған Нахчыван келісімі қабылданды, бұл екі елдің ынтымақтастығын стратегиялық деңгейге көтерді. Мақалада Қазақстан мен Түркияның ТМҰ-ның институционалдық құрылымдарын қалыптастырудағы үлесі, екі елдің ортақ экономикалық және саяси бастамаларды іске асырудағы серіктестігі кеңінен талданады. Сонымен қатар, ТМҰ-ның түркі елдерінің мәдени интеграциясын тереңдетуге және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі зерттеледі. Авторлар Қазақстан мен Түркияның ТМҰ аясындағы көшбасшылық рөлін ерекше атап өтіп, ұйымның болашақ даму перспективаларына баға береді. Бұл зерттеу түркітілдес мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктерін анықтауға арналған маңызды ғылыми еңбектердің бірі болып табылады.