«БІР БЕЛДЕУ – БІР ЖОЛ» БАСТАМАСЫНЫҢ ҚЫТАЙ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖАСЫЛ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ДАМУЫНА ЫҚПАЛЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/ISMO.2026.65.3.017Кілт сөздер:
Қытай, Орталық Азия, жасыл энергетика, «Бір жол - бір белдеу» бастамасы, энергетикалық ынтымақтастық, тұрақты даму.Аннотация
Аңдатпа. Зерттеу Қытай мен Орталық Азия елдерінің жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастығында «Бір белдеу – бір жол» (БББ) бастамасының нақты институционалдық рөлін талдайды. БББ бұл мақалада дербес халықаралық ұйым немесе бірыңғай құқықтық режим ретінде емес, саяси бағдарлар, үкіметаралық келісімдер, Қытай – ОрталықАзия тетігі, энергетикалық әріптестік, инвестициялық және технологиялық жобалар, сондай-ақ «Жасыл Жібек жолы» қағидаттары арқылы іске асатын көпдеңгейлі ынтымақтастық шеңбері ретінде қарастырылады.
Зерттеудің эмпирикалық базасына 2015–2024 жылдардағы Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттігінің (IRENA) статистикасы, халықаралық ұйымдардың материалдары, Қытайдың БББ-ны жасылдандыру жөніндегі ресми құжаттары, 2023 жылғы Сиань және 2025 жылғы Астана декларациялары, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің жаңартылатын энергия көздері саласындағы ұлттық құқықтық актілері енгізілді. Салыстырмалы талдау Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның энергетикалық құрылымы мен реттеу тетіктеріндегі айырмашылықтарды анықтауға бағытталды.
Нәтижелер БББ-ның негізгі институционалдық әсері ортақ міндетті құқықтық режим құрудан емес, саяси күн тәртібін қалыптастырудан, жобаларды үйлестіруден, технологиялар мен инвестицияларды жұмылдырудан және жасыл энергетика бойынша көпжақты тетіктерді нығайтудан көрінетінін көрсетеді. Сонымен бірге ұлттық заңнамалардың, қолдау тетіктерінің және энергетикалық құрылымдардың әркелкілігі жобалардың бірдей институционалдық модель бойынша іске асуына кедергі келтіреді.
Осыған байланысты мақала жаңа халықаралық ұйым құруды міндетті шешім ретінде ұсынбайды. Оның орнына қолданыстағы Қытай–Орталық Азия энергетикалық әріптестігі шеңберінде техникалық стандарттарды жақындастыру, жобалардың экологиялық және қаржылық ашықтығын арттыру, инвестициялық дауларды алдын ала реттеу рәсімдерін дамыту және ұлттық ерекшеліктерді ескеретін кезеңдік институционалдық үйлестіру ұсынылады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы БББ-ның институционалдық рөлін нақты құралдар арқылы операционализациялап, оны Орталық Азияның бес мемлекеті бойынша салыстырмалы түрде бағалауында.




